Алматыда спорт мектебіндегі өрттен караоке ғимараты да зардап шекті

АЛМАТЫ.KAZINFORM - 15 қарашада Алматыдағы №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің спорт залында болған өрт көршілес орналасқан караоке ғимаратына да тарады. Өрт салдарынан ойын-сауық орны қатты зақымданды.

Пожар в СДЮШОР Алматы уничтожил соседнее караоке: владельцы обратились за помощью
Фото: Kazinform/ЖИ

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 15 қараша күні сағат 08:44-те түскен. Өрт Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесі, 134а мекенжайында болған.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынның №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің жеңіл атлетика манежін шарпығанын және көршілес караоке ғимаратына таралғанын анықтады. Өрттің жалпы аумағы - 1500 шаршы метр. Өрт сағат 09:37-де оқшауланып, 10:18-де толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалынның балалар мен жасөспірімдер футбол орталығының спорт нысанына және жақын маңдағы «Қайғыға ортақтасушы» Құдай анасының иконасы атындағы православ шіркеуіне таралуына жол берілмеді.

Караоке ғимараты қатты зақымданған

Оқиғадан кейін караоке иелері әлеуметтік желі арқылы Алматы тұрғындарына үндеу жасады. Олардың айтуынша, өрт салдарынан ғимараттың басым бөлігі жарамсыз күйде.

— Өкінішке қарай, өзімізге қатысы жоқ өрт салдарынан ғимаратымыз қатты зардап шекті. Жалын біз үшін қымбат болған дүниелердің барлығын дерлік жойды. Шатыр, караокенің ортақ залы, кабиналар мен өндірістік бөлмелер толығымен өртенді. Басқа кабиналарда сылақ опырылып түсті, — дейді караоке иелері.

Олардың сөзінше, ғимаратты қалпына келтіру үшін ауқымды жөндеу жұмыстары қажет. Осыған байланысты кәсіп иелері қаражат жинауды бастап, қала тұрғындарынан көмек сұрады.

Еске салайық, 15 қараша күні таңертең Алматыдағы ең көне спорттық оқу орындарының бірі — №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінде (СДЮШОР №2) ірі өрт шықты.

Кейін өртенген жеңіл атлетика манежі бұрынғы орнында қайта салынатыны белгілі болды. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде 352 спортшының жаттығуы басқа спорт нысандарында ұйымдастырылады.