Алматыда су құбырын тартқан мердігер компания қазылған жерді тастап кеткен
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қала құрылысын бақылау басқармасы Рахат-Мәдениет шағын ауданында «Сапа құрылыс 2007» ЖШС мердігер ұйымы жүргізіп жатқан су құбыры мен кәріз желілерінің құрылысына инспекциялық тексеру жүргізді.

– Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, кейбір учаскелерде қайтадан топырақ толтырылмаған, ал кей жерде қабаттап тығыздау жұмыстары жүргізілмеген. Бұл жол жабындысының шөгуі мен опырылуына алып келді. Сондай-ақ қорғаныс қоршаулары, тіреулер, ор траншеяларының еңістерін өңдеу жұмыстары атқарылмағаны анықталды. Бұған қоса, жобадан ауытқушылықтар да тіркелді, – деп хабарлады әкімдіктен.

Басқармадан атап өткендей, қазір ҚР ӘҚБтК сәйкес бірнеше бап бойынша әкімшілік шара қабылдау үшін жоспардан тыс тексеріс басталды.

Осыған дейін Алматыда жобадан ауытқыған құрылыс нысаны туралы жазған едік.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылы Алматыда құрылыс-монтаждау жұмыстарының тірек және (немесе) қоршау конструкцияларын тұрғызуға және реконструкциялауға қойылатын талаптарға сәйкестігін инспекциялау үшін құрылыс объектілеріне бару тәртібі күшіне енді.