Алматыда судың лайлануынан шағын ауданда су беру тоқталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының «Қарағайлы» шағын ауданында су беру уақытша шектелді.

Питьевая вода Ішетін су
Фото: Kazinform

Наурызбай ауданы әкімдігінің мәліметінше, бүгін сағат 16:50–дегі жағдай бойынша «Қарағайлы» су алу нысанындағы судың лайлылығы өте жоғары болып тұр, судың мөлдірлігі — 0 см. Осыған байланысты тұрғындарға ауыз су беру уақытша тоқтатылды.

— Қазіргі уақытта тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Алматы Су» мекемесі мен Наурызбай ауданы әкімдігі тарапынан су таситын көліктер арқылы ауыз су жеткізіліп жатыр. Қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, кейінгі күндері Алматыда сел қаупі күшейді. Осы орайда, қалада жауын-шашын мен су деңгейі көтерілуінің салдары қандай екенін жазғанбыз.

Ал Алматы облысының Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Сондай-ақ Алматы облысында Ақсай өзені тасуынан су желісі зақымданды.