Алматыда тағы бір Инновациялық шығармашылық орталығы ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жетісу ауданында жастарға арналған Инновациялық шығармашылық орталығы салынады.

Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева аудан аумағындағы алғашқы инновациялық шығармашылық орталығының құрылысы жақын уақытта басталатынын айтты. Әкім сөзінше, «Айнабұлақ-2» шағын ауданында салынатын жаңа орталық жасөспірімдер мен жастардың креативті әрі технологиялық дағдыларын дамытуға арналған алаңға айналады. Орталық құрылысы 2026 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.
– Орталық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталады. Сонымен қатар жастардың өнерден бастап технологияға дейінгі түрлі саладағы идеяларын жүзеге асыруына арналған кеңістік болады. Бұл тек білім беру орталығы емес, сонымен қатар мәдени алаң болады деп ойлаймыз, - деп атап өтті Ләззат Жылқыбаева.
Орталық тұрғындардың өтініші бойынша таңдалған 2 гектар жерде орналасады. Аумақ қазір мемлекеттік қордың қарамағында. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін құрылыс жұмыстары 2025 жылдың 4-тоқсанында басталады.
Еске салайық, бұған дейін Екібастұзда балалардың заманауи шығармашылық орталығы ашылды.