Алматыда тағы бір көше бір айға жабылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жобасы аясында Жуалы көшесінің бір бөлігінде автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, инженерлік желілерді қайта орналастыру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 29 маусым күні сағат 08:00–ден 29 шілде күні сағат 08:00–ге дейін Жуалы көшесінің Төле би көшесінен Райымбек батыр даңғылына дейінгі бөлігінде қозғалыс шектеледі.
Бәйкен Әшімов, Жұманиязов көшелері арқылы айналып өтіп, әрі қарай Төле би көшесіне шығады.
— Жөндеу жұмыстары жүргізілетін аумақта ескерту белгілері мен мердігер ұйымның жауапты басшысының байланыс ақпараты көрсетілген ақпараттық тақталар орнатылады. Осыған байланысты тұрғындар мен жүргізушілерден қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Жұмабаев көшесінің бөлігі бір айға жабылғанын хабарлаған едік.