Алматыда тағы бір заңсыз құрылыс нысаны бұзылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Осипенко көшесінде орналасқан іргетас үстіне металл құрылымнан салынған қосымша құрылыс бұзылды. Бұл туралы Алматының қала құрылысы бақылау басқармасының мамандары айтты.
Жоспардан тыс жүргізілген тексеру кезінде нысан иесінің (жеке тұлға) көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы ғимаратқа өз бетімен қосымша құрылыс жүргізгені анықталды.

— Аталған тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, іс материалдары Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды. 2025 жылы 12 желтоқсанда осы соттың қаулысымен меншік иесі кінәлі деп танылып, заңсыз салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы шешім шығарылды, — делінген хабарламада.

Бірер күн бұрын сот шешімін орындау мақсатында нысан иесі заңсыз құрылысты өз күшімен бұзды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 2025 жылы сот шешімімен заңсыз салынған 42 нысан бұзылғанын хабарлағанбыз.