Алматыда танымал білім беру орталығына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Tesla Education білім беру орталығына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

 Алматыда танымал білім беру орталығына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр
Фото: threads.com/@aizh.baby

Әлеуметтік желіде білім беру орталығына ақы төлеп, балаларын берген ата-аналар шағым білдірген. Онда орталық жұмысы бір сәтте тоқтап қалғаны айтылады.

Шағым жазған желі қолданушылары арасында орталықта жұмыс істеген тәлімгерлер де бар. Олардың айтуынша, ұстаздар бірнеше айдан бері айлық алмаған.

Алматы қаласының полиция департаменті азаматтардың арызы негізінде Бостандық аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі («Ірі мөлшерде алаяқтық») бойынша істі тергеп жатқанын хабарлады.

- Тергеу барысында оқиға мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтауға, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Істің тергелу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында, - деп хабарлады полициядан.

Tesla Education орталығы да аталған жағдайда байланысты түсініктеме берді.

- Біз ешқайда жасырынған жоқпыз, байланыстамыз және мәселені шешіп жатырмыз. Компания ешқашан алаяқтық әрекеттерге барған емес және қандай да бір жеке пайда көздеген жоқ. Компания ата-аналар алдындағы барлық міндеттемелерін толық көлемде орындайды. Қазіргі уақытта төлемдерді қайтарудың егжей-тегжейлі әрі ашық кестесі әзірленіп жатыр, - делінген компания мәлімдемесінде.


Еске салайық, Алматыда «аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық» айыбы бойынша «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев пен «MM Travel» туристік компаниясының басшысы Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар