Алматыда 15 жыл жөндеу көрмеген субұрқақтар жаңғыртылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының 4 ірі субұрқақ кешенінде жөндеу жұмыстары басталды.

Олар: Алматы әкімдігі ғимаратының шығыс және батыс бөлігінде орналасқан субұрқақтар, Республика алаңындағы субұрқақ және Ғ.Мүсірепов атындағы театр ғимараты алдындағы субұрқақ. Қала әкімдігінің мәліметіне сәйкес, сараптама негізінде бұл нысандардың техникалық жағдайы нашар күйде екені анықталған.
Атап айтқанда, Алматы әкімдігінің шығыс және батыс бөлігіндегі субұрқақтар 1979 жылы салынған. Бұл нысандардың сыртқы келбеті 2010 жылы жаңғыртылғанымен, бүгінге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.


Республика алаңындағы субұрқақ та 1979 жылы салынған және 2010 жылы шағын жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, нысан қазір инженерлік жүйелерді толық жаңартуды қажет етеді. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы театр ғимаратының алдындағы субұрқақ 1962 жылы салынған. 2009 жылы ол ішінара қалпына келтірілген, бірақ бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді.
— Модернизация аясында субұрқақтардың құрылымдарын күшейту, инженерлік коммуникацияны, су жабдықтауды, гидрооқшаулаушы қабатты толық ауыстыру, насос станцияларымен және су сүзу жүйелерін жаңарту, автоматтандырылған басқаруды енгізу, сондай-ақ жақын аумақтарды көркейту жоспарланған, - деп хабарлады әкімдіктен.

Тағы бір маңызды жұмыстардың бірі — қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін субұрқақ кешендерінде электр тоғының қаупін болдырмайтын төмен вольтты шамдар мен құрғақ сорғы жабдықтары орнатылады.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары сәуірде басталды және 2025 жылдың қазан айында аяқталады.
Еске салайық, былтыр 19 маусымда Алматыда әл-Фараби атындағы атындағы ҚазҰУ аумағындағы субұрқақтың маңында жас жігіт қайтыс болды.
Бұған дейін Республика алаңында орналасқан субұрқақ кешендерін күрделі жөндеуге 4,5 млрд теңге жұмсалатынын жазғанбыз.