Алматыда танымал спортшылар дауыс берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда мәслихат депуттарының сайлауына белгілі спортшылар қатысып жатыр.
Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов Пушкин көшесі, 63 мекенжайында орналасқан Мемлекеттік қуыршақ театрындағы №361 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол сайлауға отбасымен бірге бару - әулетінің бұрыннан қалыптасқан дәстүрі екенін атап өтті.
Париж Олимпиадасының жүлдегері Ислам Сәтбаев та Алматы мәслихатының сайлауына қатысты. Ол Бостандық ауданындағы комьюнити орталықта орналасқан сайлау учаскесіне барды.
Ал Түрксіб ауданының Алтай-1 шағынауданындағы Д.Бабаев атындағы №115 мектепте орналасқан сайлау учаскесінде Азия ойындарының жүлдегері Бэлла Самашева таңдауын жасады. Ол биыл Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындарында каратэден 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды.
Спортшы сайлауға қатысу азаматтық ұстанымын білдіріп, өзі тұратын қаланың мүддесін қорғайтын депутаттарды таңдауға атсалысу мүмкіндігі екенін айтты.
Азия ойындарының тағы бір жүлдегері - Дамир Тоқтаров Бостандық ауданындағы №63 мектепте орналасқан №230 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол Жапонияда жылдамдыққа құзға өрмелеу сайысында қола жүлде иеленген болатын.
- Алматы – мен жаттығатын әрі жарыстарға аттанатын қала. Мұнда балалар мен жастардың көңіліне шын ұнайтын спорт түрін табуына мүмкіндік көп болғаны мен үшін маңызды. Депутаттар тұрғындардың пікіріне құлақ асып, осындай мәселелерге көңіл бөледі деп үміттенемін. Сондықтан бүгін дауыс беруге келдім, – деді спортшы.
Бүгін мәслихат сайлауында Олимпиада жүлдегері Нариман Құрбановтың әкесі әрі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Хусанжан Құрбанов та дауыс берді. Ол бөбекжай-бақшада орналасқан №229 сайлау учаскесінде таңдауын жасады.
Алматыда сайлауға қатысқан спортшылар қатарында аралас жекпе-жек шебері Жасұлан Мейірманов та бар. Оның айтуынша, сайлауға қатысу – азаматтық ұстаным білдіріп, қаланың болашағына үлес қосуға мүмкіндік.
Еске салайық, Алматы мәслихатының депутаттық мандаттарына 168 кандидат үміткер. Оның 109-ы партиялық тізім бойынша, 59-ы бірмандатты сайлау округтері бойынша ұсынылған.
Қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 41-інде бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.