Алматыда тау туризмін дамытудың кешенді жоспары бекітіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі Алматы тау кластері туризмін дамытудың 2025 – 2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы бұйрық жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды

Алматыда тау туризмін дамытудың кешенді жоспары бекітіледі
Фото: Мақсат Шығырбаев/Kazinform

Құжаттың түсіндірме жазбасында аталған жобаны қабылдау Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында және тұтастай алғанда елімізде туристік саланы дамытуға, сондай-ақ туристік ағымды ұлғайтуға септігін тигізетіні айтылған. Сонымен қатар Қазақстанның туризмді дамыту бағытындағы ұстанымына оң әсер етеді, қолайлы инвестициялық ахуал жасайды. 

Сондай-ақ министрлік жоба елімізге теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді деп сендіріп отыр. 

Айта кетсек, Алматыда тау туризмін дамытуға арналған бесжылдық кешенді жоспарды іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. 

Алматы тау кластері туризмін дамыту жоспарынан қандай нәтиже күтіледі: 

- Шетелдік туристер санының 630 мыңнан 1,8 млн адамға дейін артуы; 
- Туризм саласында жұмыс істейтін жандардың 80,9 мыңнан 106 мың адамға дейін артуы;
- Жеке инвестиция көлемі 196,3 млрд теңгеге жетеді;
- Салықтық түсімдердің 90,7 млрд теңгеден 184,3 млрд теңгеге дейін артуы;

Құжат жобасы 19 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр. 

Бұған дейін биыл Алматы тауларында жаңа 3 кемпинг-аймақ ашылатыны туралы хабарлаған едік

Еске салсақ, Алматыда күн сайын 50-ден астам құтқарушы, 12 техника және 19 ит кезекшілікке шығып, төтенше жағдайға тап болған алматылықтарға көмекке барады, оның ішінде тауға шыққан туристер де бар