Алматыда Тәуелсіздік күні қалай тойланады

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда түрлі мерекелік және ресми іс-шаралар, соның ішінде фотокөрмелер, дөңгелек үстелдер және басқа да көптеген жиындар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Kazinform.

тәуелсіздік күні
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

13 желтоқсан күні сағат 11:00-де Bastau ойын-сауық кешенінде Алматы ардагерлер кеңесі арасында «Бостандық ауданы әкімінің кубогы» үшін бильярдтан турнир ұйымдастырылады.

Осы күні сағат 15:00-де Инновациялық шығармашылық орталығында (Шұғыла ш. а 347/4) зиялы қауым өкілдері мен желтоқсаншылардың қатысуымен «Елімнің бақытын тербеген — Тәуелсіздік» атты дөңгелек үстел өтеді.

15 желтоқсан күні сағат 11:00-де Дәстүрлі музыка мультимедиа орталығында Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен «Тәңір сыйы — Тәуелсіздік» атты кездесу ұйымдастырылады, дәл осы уақытта Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында «Тәуелсіздік — ел мерейі» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

Сағат 15:00-де Қонаев мұражайында «Тәуелсіздік — мәңгілік елдің тірегі» атты фотокөрме өтеді. Көрмеге мұражай мұрағатынан Алматы қаласының ғимараттары мен мәдени ошақтарының фотосуреттері қойылады.

Сағат 15:00-де Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатында «Тәуелсіздік — аппақ таным арайлы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтеді.

Сағат 19:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің концерті өтеді.

16-18 желтоқсан аралығында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін К.Әзірбаев атындағы № 15 орта мектебінде барлық санаттар арасында классикалық пауэрлифтинг және классикалық стендтік пресс бойынша Алматы қаласының ашық чемпионаты өтеді.

18 желтоқсан күні сағат 12:00-де Alatau Creative Hub-та «Тәуелсіз елдің ұрпағы» зияткерлік ойыны өтеді.

Соңғы жаңалықтар