Алматыда тегін онкологиялық дәрі таусылған: қосымша қаржы бөлінді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда онкологиялық ауруға шалдыққан азаматтар мемлекеттен жеңілдетілген бағдарлама арқылы алатын дәрі – «Тагриссоның» жетіспей жатқанын айтты.

Онкологиялық науқастар дәрі-дәрмексіз қалмайды – министрлік
Фото: freepik

Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл деректі растады және препараттың уақытша болмауын елдің басқа өңірлерінен келген науқастардың қайта тіркелуі салдарынан сатып алу көлемінің болжамнан артып кетуімен түсіндірді.

- Жыл сайын Алматы онкологиялық орталығында еліміздің барлық өңірлерінен жоғары сапалы медициналық көмек пен дәрілік қамтамасыз ету мақсатында 1000-нан астам науқас тіркеледі. Препараттың құны 2 миллион теңгеден асады. «Тагриссо» белгілі бір санаттағы науқастарға тегін немесе жеңілдетілген шарттармен берілетін дәрі-дәрмектер тізіміне кіреді. Оның сатып алынуы мен жеткізілуін бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» ЖШС жүзеге асырады. 2025 жылға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Алматы онкология орталығына 8400 таблетка көлемінде лимит бөлінген болатын, қазіргі уақытта бұл көлем толықтай пайдаланылды. Елдің басқа өңірлерінен жаңа науқастардың келуіне байланысты дәрі-дәрмектің болжанған көлемі жеткіліксіз болып шықты, – деп хабарлады басқармадан.

«СК-Фармация» ЖШС-нің мәліметінше, жеткізушімен дәріні мерзімінен бұрын жеткізу туралы келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде биыл 26 қыркүйекке дейін жеткізуші қосымша дәрі-дәрмекті жөнелтпек. Препарат Бірыңғай дистрибьютордың қоймасына түскеннен кейін медициналық ұйымға жедел түрде жеткізіліп, науқастарға берілетін болады.

- «СК-Фармация» ЖШС тарапынан дәрілік қамтамасыз ету бөлінген қаржы шегінде жүзеге асырылады. Белгіленген лимиттен асатын қосымша қажеттілік уәкілетті органмен келісілген жағдайда қамтамасыз етіледі, – деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Еске салайық, Ұлттық онкология орталығы сүйек кемігін трансплантаттау санын жылына 180-ге дейін жеткізбек.

Соңғы жаңалықтар