Алматыда террористік тұрғыдан осал объектілер тексеріліп жатыр

полиция
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда террористік тұрғыдан осал объектілерге, атап айтқанда, ірі сауда орталықтары, ғибадат орындары мен қоғамдық тамақтану нысандарының терроризмге қарсы қауіпсіздігінің жай-күйіне жоспарлы тексеру басталды.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторийдің аяқталуына байланысты кейбір объектілерге тексеріс шарасы өтіп жатыр.

«Полицияның тиісті бөлімшелері терроризмге осал нысандарды қорғауды бақылауды ұйымдастыру бағытында тұрақты жұмыс істеп, олардың басшылары мен иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Терроризмге осал нысандардың инженерлік-техникалық беріктігі мен терроризмге қарсы қорғанысының тиісті заңнама талаптарына сәйкестігін тексеретін арнайы жұмыс топтары құрылды», — деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.

Полиция қызметкерлері сондай-ақ MEGA сауда орталығына барды. Атап айтқанда, орталықтың бейнебақылау жүйелері, төтенше жағдайларға әрекет ету механизмі және дабыл түймелері тексерілді.

«Террористік тұрғыдан осал объектілердің әрбір қызметкері террористік қауіп төнген жағдайда әрекет ету алгоритмін білуі керек. Мысалы, күдікті зат анықталса, оны ұстауға, жылжытуға, кез келген нәрсемен жабуға және басқа да әрекеттер жасауға қатаң тыйым салынады. Бұл жағдайда тиісті қалалық қызметтерге хабарлау керек. Сауда нысандарының директорларына терроризмге қарсы қорғану талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді», — деді Қуатбек Науатов.

Еске салайық, Алматыда MEGA сауда орталығында жас жігітке әлімжеттік жасаған күдікті ұсталған болатын

Соңғы жаңалықтар