Алматыда «Тілдер саябағы» жобасы арқылы 5 мың тұрғын шет тілін тегін үйреніп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Тілдер саябағы» жобасы аясында 5 000-нан астам алматылық мемлекеттік тілді және шет тілін тегін үйреніп жатыр. Жоба Жастар саясаты басқармасының бастамасымен қолға алынды.

Оның басты ерекшелігі – курстардың ашық аспан астында өткізілуі. Мұнда қазақ, ағылшын, қытай, корей, жапон, француз, түрік және орыс тілі бойынша курстар ұсынылады.
«Сабақ жазғы маусымда аптасына 3 рет ұйымдастырылып, оған 6-дан 60 жасқа дейінгі тіл үйренуге ниетті бес мыңнан астам тұрғын қатысты. Оларға бағдарлама шеңберінде тілді меңгеру деңгейін көрсететін курстарды аяқтағаннан кейін сертификаттар беріледі», - деп хабарлады әкімдіктен.

Қыркүйек айының ортасынан бастап күзгі-қысқы кезеңге өтуге байланысты тілдерді оқыту комьюнити орталықтардың ғимараттарында жалғасады.
Курс кестесін комьюнити-орталықтарынан немесе Call-орталықтың нөміріне хабарласу арқылы білуге болады.

Осыған дейін аталмыш жоба Алматының 8 ірі саябақтарында жүзеге асырылып жатқаны туралы жазған едік.