Алматыда Тілендиев көшесін ұзарту жобасы төңірегінде дау шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алатау ауданының тұрғындары Тілендиев көшесін ұзарту үшін мемлекет мұқтажына сатып алынатын жер телімдерінің бағалау құнына келіспей, өтемақы бойынша наразылық білдірді.
Тұрғындардың шағымы бойынша Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов халықпен кездесу өткізіп, жағдайға қатысты түсінік берді.
– Қала қарқынды дамып келеді. Мектеп, емхана, спорт және мәдениет орталығы, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын кеңейту, жаңа метро бекеттерін салу, магистральдық көшелерді ұзарту секілді инфрақұрылымдық жобалардың қажеттілігі артып отыр. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін бұрыннан қалыптасқан аудандар мен жеке құрылыс басым аумақтарды қайта ұйымдастыру қажет. Сол себепті жер телімдерін сатып алуға мәжбүрміз. Бұл тәуелсіз бағалау негізінде нарық құны бойынша жүргізіледі, әкімдік бағалау нәтижесіне ықпал ете алмайды, - деді Бейбіт Шаханов.

Кездесуге барған Өжет шағынауданының тұрғындары мүліктің бағалау құнынмен келіспейтінін айтты. Сонымен бірге көпшілігінің жер телімдері мен құрылыс нысандарына қатысты құқық белгілейтін құжаты жоқ.
– Бүгінде шамамен 30 меншік иесінде жер мен тұрғын үйге қатысты құжат рәсімдеуге байланысты қиындықтар бар. Салаға жауапты басқармалар әрбір жағдайды жеке қарастырып, қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі, ал қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнама аясында мүлікті заңдастыруға жәрдем көрсетуге тиіс, - деді әкімнің орынбасары.
Айта кетейік, Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары аясында көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру және жол-көше желісін жетілдіру мақсатында Тілендиев көшесін Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін ұзарту қарастырылған.
Тілендиев көшесін ұзарту жобасы екі кезеңге бөлінген:
Бірінші кезең – Рысқұлов даңғылынан Сабатаев көшесіне дейін, ұзындығы – 5,8 шақырым. Мұнда 123 жер телімін сатып алу көзделген.
Екінші кезең – Сабатаев көшесінен қала шекарасына дейін, ұзындығы – 4,9 шақырым. Бұл кезеңде 344 жер телімі сатып алынуға тиіс.
Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде 70 жер телімі сатып алынған.
– Мемлекет қажетіне жер телімдері заңнамаға сәйкес нарық құны бойынша сатып алынады. Бағалау меншік құқығы қалай пайда болғанына, құжаттың толық болуына немесе болмауына байланысты емес, яғни бағалау барлық жағдайда нарық құнына негізделеді, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматының жер қатынастары басқармасы Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында 2025 жылдың басынан бері мемлекет мұқтажы үшін 799 жер учаскесі мен жылжымайтын мүлік нысандары сатып алынғанын хабарлаған еді.