Алматыда толассыз жаңбырдан кейін жақында жөнделген жолдар зақымданды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылықтар екі күнге жуық жауған жауын-шашыннан кейін қалада зақымданған жолдардың суреттерін желіде жариялап жатыр.

а
Фото: threads

Мәселен, қала тұрғыны Тимирязев көшесі бойында Есентай өзенінен өтетін көпірдің жағдайын көрсетті. Жарияланымнан көпірдің бір бөлігінде төсемтастардың қирап қалғаны байқалады.

Жазбаға пікір білдірген өзге адамдар осыған ұқсас жағдайлармен бөлісті. Тағы бір желі қолданушысы Ғабдуллин көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолында ортасынан опырылып қалған төсемтастардың суретін жариялады.

Желідегі өзге жазбада әл-Фараби даңғылы мен Назарбаев көшелерінің қиылысында зақымданған тротуар көрсетілді.

а
Фото: threads

Тұрғындардың бірі Алатау ауданы, Самарқанд көшесіне байланысты шағым білдірді. Оның айтуынша, қыркүйектен бері жол бірнеше рет қазылып, қазір жұмыстар тоқтап қалған. Соның кесірінен жаңбыр кезінде көше көлік жүре алмайтын батпаққа айналған.

Бұл жағдайға Алатау ауданының әкімдігі түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, мұнда инженерлік желілерді салу бойынша құрылыс жұмыстары басталған. Оны 2027 жылдың наурызында аяқтау жоспарланып отыр.

— Қазіргі уақытта инертті материалдарды қолдана отырып, топырақ төсеу және жол жабынын тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көрсетілген учаскелерде арнайы техника жұмылдырылып, анықталған кемшіліктерді жедел жою үшін жұмыс бригадаларының кезекшілігі ұйымдастырылды, — деп хабарлады аудан әкімдігінен.

Жауын-шашын салдарынан Жароков және Мыңбаев көшелерінің қиылысындағы жаңадан салынған төсемтастар да бұзылған. Тиісті сурет әлеуметтік желіде тарады.

а
Фото: threads.com

Вера Давидова есімді тұрғын Достық көшесінде бірнеше тұстан сынған төсемтастарға шағым білдірді.

Желіде жарияланған бұл жолдардың көпшілігі «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жақында жөнделіп, абаттандырылған әрі жаңа төсемтастар салынған.

Алматы әкімдігі жауын-шашыннан кейін зақымданған жолдар мен тротуарларды қалпына келтірілу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Әкімдік мәліметінше, негізінен ақаулар бұған дейін инженерлік коммуникациялар тартылған көшелерде анықталған. Мұндай жолдарда топырақтың шайылуы салдарынан жол жабыны шөгіп, көлік қозғалысы қиындады.

— Қазіргі уақытта мұндай барлық учаскелерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде қала тұрғындары шөгіп кеткен тротуар тақтайшаларының фотосуреттерін жариялаған болатын. Ақаулар негізінен коммуналдық қызметтер жүргізген апаттық қазу орындарында пайда болған. Негіздің жеткіліксіз нығыздалуынан жауын-шашын топырақты шайып, соның салдарынан тас шөгіп кеткен. Бұл учаскелерді де қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті, — делінген әкімдік жауабында.

Одан бөлек әкімдік LRT жобасы аясында инженерлік желілерді қайта құру учаскелерінде топырақтың шайылуы және асфальт жабынының шөгуі анықталғанын атап өтті. Бүгінде бұл жерлерде инертті материалдар мен құрғақ асфальт төселген. Жақын арада мұндағы топырақ қабат-қабатымен нығыздалып ауыстырылмақ және асфальт жабыны толықтай қалпына келтіріледі.

Алматы әкімдігі қалалық инфрақұрылымның жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын баса айтты.

— Су басу қаупі бар учаскелер, жол жабынының опырылуы және басқа да штаттан тыс жағдайлар бейінді қызметтердің бақылауында. Анықталған ақаулар жедел түрде жойылып жатыр, — деді әкімдік өкілдері.

Еске салайық, кеше алмалықтар су басқан көшелер мен метро бекетіне шағымданған болатын. Сондай-ақ бірнеше көшеде асфальт бұзылып, көліктер шұңқырға батып қалған. Аудан әкімдіктері мұндай учаскелер ауа райы жақсарған соң, мердігер ұйымдардың күшімен қалпына келтіретінін мәлімдеді.

Алматы әкімдігі екі күнде айлық жауын-шашын мөлшерінің 76%-ы жауғанын хабарлады. Қолайсыз ауа райының салдарын алдын алу және жою мақсатында жалпы саны 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылды.