Алматыда тозған су құбыры ауыстырылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Самал шағын ауданында тұрақты әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін су құбыры желісінің толық жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Орал қаласында жылу құбырлары жөнделе бастады
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, ауыстырлыған су жүйесі 25 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Бұл желі 13 мамыр күні іске қосылады.

Бұл күні сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін Медеу және Бостандық аудандарында суық сумен жабдықтау уақытша шектеледі. 

Су беру уақытша тоқтатылатын аймақтар:

  • Медеу ауданы – Назарбаев даңғылы, Сәтбаев көшесі, Достық даңғылы және Жолдасбеков көшесінің шекарасында орналасқан аумақтар, соның ішінде Самал-1, Самал-2 және Самал-3 шағын аудандары;
  • Бостандық ауданы – Померанцев көшесі, Ганди көшесі, Назарбаев және әл-Фараби даңғылдарының арасындағы аймақтар.

Жаңғыртылған су құбыры «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инвестициялық бағдарламасы аясында жүргізілді.

— Аталған су желілері алғаш рет 1985 жылы арнайы жүріп өту арнасы арқылы салынған – бұл технологиямен жасалған қаладағы жалғыз учаске. Жаңғырту жұмыстарына дейін құбырлардың тозу деңгейі 80%-дан асқан болатын. 2024 жылы ұзындығы 4,369 шақырым, диаметрі 300 мм болатын учаске толығымен ауыстырылды. Барлық жұмыс қазусыз, жол қозғалысын шектемей жүргізілді, — деп атап өтті әкімдіктен.

Жалпы, қалада инженерлік желілерді жаңғырту және реконструкциялау бойынша кешенді іс-шаралар қабылданып жатыр.

Осылайша, бұл жұмыстар 2025 жылы сумен жабдықтау желілерінің тозуын 52,9%-ға, су бұруды 53,9%-ға, электрмен жабдықтауды 63,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Осыған дейін Алматыда биыл 70 шақырым су құбыры мен кәріз желілері ауыстырылатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар