Алматыда тозған су желілерін жаңартуға 14,8 млрд теңге инвестиция салынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Тұрғындарға суды үзбей беріп, коммуналдық қызметтің сапасын арттыру үшін «Алматы су» мекемесі құбыр мен кәріз жүйесін жаңалап жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында компанияның өндіріс жөніндегі бас директорының орынбасары Берік Жамбылов мәлім етті. 

су құбыры
Фото: Алматы әкімдігі

– 2025 жылы «Алматы Су» инженерлік жүйелерді дамытуға 14,8 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Ең тозығы жеткен су мен кәріз желісінің 50 шақырымы ауыстырылады. Жұмыс кезінде қала тұрғындарына су үзбей беріліп, көлік қозғалысы да тоқтамайды, - дейді спикер. 

Айтуынша, ірі жобалар қатарында Мыңбаев көшесіндегі магистральді су құбырын ауыстыру, Таусамалы шағын ауданында инженерлік желілер жүргізу және Тимирязев көшесіндегі траншеясыз әдіспен су құбырын қайта жаңарту көзделген. 

Алматы ӨКҚ
Фото: Алматы ӨКҚ

Барлық құрылыс-монтаждау жұмысы жылыту маусымы басталғанша бітпек. Инженерлік желілер тартылғанан кейін бірден жол жамылғысын қалпына келтіруге кіріседі.

– Биыл 4 су айдау станциясы күрделі жөндеуден өтіп, 200 дана су айдау жабдығы, 444 дана жапқыш арматура, 4 трансформаторлық қосалқы станция ауыстырылады, сондай-ақ 2 таза су резервуары салынып, жөнделеді. Сонымен қатар өрт гидранттары, су ұңғымалары жөнделіп, арнаулы техника жаңартылады, - деді ол. 

Спикер инфрақұрылымды қыс мезгіліне даярлау мақсатында 2025 жылдың соңына дейін 700 шақырымнан астам құбыр жуылып, 10 мың өрт гидранты тексеріліп, жөнделетінін атап өтті. 

Бұдан бөлек, 100 мыңнан астам құдық тазартылып, 1 200 дана жапқыш арматура жөнделіп, ауыстырылады. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда биыл 70 шақырым су құбыры мен кәріз желілері ауыстырылатыны туралы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар