Алматыда троллейбус аялдамаға соқтығысып, екі адам зардап шекті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жол-көлік оқиғасы болды.
Әлеуметтік желіде тролейбус соққысынан әйнектері сынып, біршама зақым келген аялдаманың бейнежазбасы тарады.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, 8 тамыз күні шамамен сағат 22:00–де Бостандық ауданында № 11 бағыттағы троллейбус жол апатына ұшырады. Тимирязев көшесімен келе жатқан жүргізуші көлікті басқара алмай, аялдамаға соқтығысқан.
— Оқиға салдарынан жаяу жүргінші мен троллейбус жолаушысы зардап шекті. Екеуі де медициналық мекемеге жеткізілді. Ауыр жарақаттар тіркелген жоқ. Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Бостандық ауданы полиция басқармасының қызметкерлері тергеуге кірісті, — деп хабарлады полициядан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда көлікпен соқтығысқан автобус ғимаратқа кіріп кетті.