Алматыда «Тұлпар» кешені мемлекетке қайтарылды: нысанда не өзгереді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Тұлпар» кешені қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды. 

Алматыда «Тұлпар» кешені мемлекетке қайтарылды: нысанда не өзгереді
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы ипподромының жанында орналасқан «Тұлпар» ат спорты кешені кейінгі жылдары жекеменшікте болды. Алайда қалалық спорт басқармасының мәліметінше, Жетісу аудандық прокуратурасы 2019 жылдың 5 наурызындағы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен «Nomad’s Land» ЖШС арасындағы сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берген.

— Сот шешімімен аталған мәміле жарамсыз деп танылып, нәтижесінде «Тұлпар» кешені мемлекет меншігіне қайтарылды, — деп хабарлады басқармадан.

2025 жылдың 19 тамызында Алматы қаласы әкімдігінің № 3/583 қаулысымен «Тұлпар» кешені Алматы қаласының коммуналдық меншігіне қабылданып, қалалық спорт басқармасына қарасты Ұлттық және ат спорты спорт клубының жедел басқаруына берілген. Ал 26 тамызда тиісті мемлекеттік органдар арасында қабылдау-беру актісі рәсімделді.

— Қазіргі таңда кешеннің заңды тұлға ретінде тіркелу мәселесі қарастырылып жатыр. Себебі бұрынғы меншік иесі нысан бойынша кепіл құжаттарын банкке тапсырған. «Тұлпар» кешенін қаланың меншігіне қайтару аяқталғаннан кейін оның одан әрі пайдалану және дамыту бағыттары қаралады. Бюджет мүмкіндігіне қарай жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуі ықтимал, — делінген басқарма жауабында.

Ведомство кешеннің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін нысан сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Алматы ипподромының аумағында тұрғын үй кешені салынатыны туралы ақпарат тарады. Оған Алматы әкімдігі жауап берді.

 

Соңғы жаңалықтар