Алматыда тұмау жұқтырғандардың саны 15 мыңға жақындады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда парагрипп, риновирус, маусымдық коронавирус сияқты жіті респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) вирустары айналымда бар. Бұл туралы Алматының бас санитариялық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы айтты.

грипп
Фото: kabar.kg

Оның сөзінше, өткен аптада қала аумағында ЖРВИ-дің 14979 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың ұқсас кезеңдегі көрсеткіштен 15,1%-ға жоғары, былтыр 12413 жағдай болған. Тұмау жұқтырғандардың басым бөлігі балалар - 56,9%.

- Тәуекел тобындағы адамдарға тұмауға қарсы екпе салу үшін жергілікті бюджет қаражатына ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 250 000 дозасы сатып алынды. Тәуекел тобындағы адамдарды вакциналау 25 қыркүйектен басталды. Осы жылдың қарашасындағы жағдай бойынша тұмауға қарсы барлығы 245 415 адам егілді, бұл қаланың жалпы халқының - 10,5 пайызы, - деді ол.

Сондай-ақ Қасымхан Алпысбайұлы ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін С дәруменін қабылдап, оксолин сықпасын қолдануға кеңес берді.

Айтуынша, жаппай іс-шаралар өтетін орындарға баруды қысқартып, ауырған жағдайда өз бетімен ем-дом қолданбай, медицина қызметкерін шақыруы қажет. Түшкіргенде және жөтелгенде ауызды қолмен, орамалмен жауып, қолды жиі жуу керек. Бұдан бөлек бала ауырған жағдайда мектепке, балабақша жібермеген жөн.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда тұмауға қарсы вакциналау басталатынын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар