Алматыда тұмауға қарсы екпе егу басталды
Алматыда бүгіннен, 25 қыркүйектен бастап қаланың барлық емханасында тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталды, деп хабарлайды, ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, халықты иммундау үшін тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 250 мың дозасы сатып алынды. «Гриппол+» инактивацияланған вакцина Ресейде өндірілген және құрамында тұмау вирусының А (H1N1 және H3N2) және В қосалқы типінің штамдары бар.
«Егуге бірінші кезекте медицина қызметкерлері, медициналық мекемелерде есепте тұрған, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жүкті әйелдер мен 60 жастан асқан адамдар жатады. Негізгі ауруға байланысты тұмаудың неғұрлым ауыр түріне бейім адамдар да вакцинациялануы керек», - деп атап өтті ведомстводан.
Дәрігерлердің айтуынша, вакцинация науқаны қараша айының соңына дейін жалғасады. Тұмауға қарсы екпеден кейін толық иммунитетке жету үшін екі апта қажет. Осы уақыт ішінде тұмау және басқа вирустық ауру белгісі бар адамдармен қарым-қатынасты шектеген жөн. Дәрігерлер тұмау асқыну мен өлім қатеріне байланысты қауіпті екенін еске салады. Вакцинация тұмаудың алдын алудың және ауыр асқынудың қаупін азайтудың ең жақсы әдісі.
«Тұмаудың алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерге баруды шектеп, үй-жайды үнемі желдету керек. Сондай-ақ мүмкіндігінше, ауырған адамдармен қарым-қатынасты азайтқан дұрыс. Егер тұмау немесе ЖРВИ белгілері пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгінген абзал», - деп атап өтті қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.