Алматыда түнде Сейфуллин – әл-Фараби жолайрығы уақытша жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 3 қазан сағат 22:00-ден 4 қазан сағат 08:00-ге дейін Бостандық ауданында Сейфуллин даңғылынан әл-Фараби даңғылына шығатын жолайрықта көлік қозғалысы жартылай шектеледі.

«Алматы жылу желілері» ЖШС хабарлауынша, уақытша шектеу магистральдық құбыр желісінде жүргізілетін жөндеу жұмыстары кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіліп отыр.
– Сейфуллин даңғылы бойымен солтүстік және оңтүстік бағыттағы қозғалыс өзгеріссіз сақталады, - делінген хабарламада.
Компания қала тұрғындары мен қонақтарынан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды өтінді.
Еске салайық, 2025 жылғы 3 қазанда Алматының Алмалы ауданындағы Шәкәрім көшесінде тарату жылу желісіндегі құбыр зақымданды.
Апат салдарынан Шәкәрім — Прокофьев — Құлымбетов — Брусиловский көшелері аумағындағы тұтынушыларға ыстық су беру уақытша тоқтатылды.