Алматыда түнде жауған қардан кейін 17 жол апаты тіркелді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 4 қазан күні сағат 18:00-ден 5 қазан 06:00-ге дейін 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қаза болғандар жоқ, алты адам жарақат алды.

жол қауіпсіздігі
Фото: Алматы полициясы

Полицияның мәліметінше, жол апатының басым бөлігі қашықтықты сақтамау, жылдамдықты дұрыс таңдамау және жол қозғалысына қатысушылардың жауапсыздығынан болған.

– Алғашқы қардың жаууы әдетте жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қиындық тудырады. Мұндай жағдайда жолдың беті тайғақ болып, тежеу жолы ұзарады. Дегенмен көп жүргізуші ауа райы мен жол жағдайын ескермей, бұрынғы жылдамдықпен қозғала береді. Біз барлығын өте сақ болуға, жылдамдықты азайтуға, кенеттен маневр жасаудан аулақ болуға және жол қауіпсіздігі әркімге байланысты екенін есте сақтауға шақырамыз, - деді Алматы полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, жауған қардың қалыңдығы қалада шамамен 1 см, таулы аймақта 10 см-ге дейін.

Қазір қала көшелерінде 918 арнайы техника және 2 550 жол жұмысшысы қызмет атқарып жатыр.

– Негізгі магистральдер, көпірлер, жол айрықтары, еңістер мен көтерілістер, тротуарлар және аялдама аймақтары көктайғаққа қарсы материалдармен өңделіп жатыр. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады әкімдік.

Еске салайық, кеше, 4 қараша күні кешке Алматыда алғашқы қар жауғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар