Алматыда түнде жүретін автобустар көбейе ме

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл қаңтар айында Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі көлік қаңқасының мастер-жоспары бекітілді. Онда мегаполистегі қоғамдық көліктерді дамыту жобалары көрсетілген. Біз бұл құжатқа сілтеме жасай отырып, қала әкімдігінен түнгі автобустардың жаңа бағыттарын іске қосу жоспары бар-жоғын сұрадық.

Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта сағат 23:00-06:55 аралығында бір бағыт бойынша түнгі автобустар жүреді.

«Қазіргі таңда Алматы қаласында түнгі уақытта халықаралық әуежайдан «Орбита-2» шағын ауданына дейін №3 маршрут қызмет етеді. Бұл маршруттың жылжымалы құрамы 2 автобус. Қозғалыс аралығы – 65 минут», - деп хабарлады әкімдіктен.

Сондай-ақ әкімдіктің баспасөз қызметі түнгі маршрутта жолаушы саны көп болмауына байланысты рейстер санын көбейту жоспарланбағанын хабарлады.

«Бұл маршруттың рейстер саны қазіргі жолаушылар ағымына сай екендігіне байланысты рейстерін көбейту мәселесі қарастырылмаған. Осы маршруттың бар екенін ескере отырып, Алматы қаласының көлік қаңқасының мастер-жоспарында жаңа түнгі маршрут ашу мәселесі де қарастырылмаған», - дейді әкімдіктен.

Еске салайық, кеше Алматыда автобус жеңіл көлікпен соқтығысып, 1 адам қайтыс болды. 

Сондай-ақ оқиға куәгері қоғамдық көліктің қалай апатқа ұшырағанын айтып берді.