Алматыда тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына қалай қатысуға болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдасы аясында ескірген тұрғын үйлерді жаңартуға болады.

Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, Райымбек даңғылы, 206 «К» үйінің тұрғындары тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасына қатысқан. Онда қазір барлық инженерлік желілер ауыстырылып (ыстық және суық сумен жабдықтау, жылыту, кәріз), шатыр жөнделген және ыңғайлы цифрлық жүйемен басқарылатын жаңа лифтілер орнатылған.
- Барлық жұмыстар бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілді және қабылданды. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасының артықшылықтары: 7 жылдан 15 жылға дейін бөліп төлеу, пайыздар есептелмейді, орындалған жұмыстарға кепілдік мерзімі – 24 ай, үйдің жағдайы жақсарып, коммуналдық шығындары азаяды және пәтерлердің нарықтық құнын арттырады, – деп хабарлады Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.
Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасына қалай қатысуға болады?
1. Алдын ала сметаны және ақау актісін әзірлеуге басқару органынан өтініш.
2. Жалпы жиналыс хаттамасы (меншік иелерінің 51%-дан астамының келісімімен).
3. Бекітілген ақау актісі және алдын ала сметалық есеп.
4. Пәтерге меншік құқығы туралы бастамашыл топтан анықтама.
5. Пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың алаңдары.
6. Басқару органының құрылтай құжаттары және қатысушы үйге қызмет көрсету құқығын растау (хаттама, шарт, сенімхат).
7. Үйдің техникалық төлқұжатының көшірмесі.
- Өтінім бергеннен кейін «Алматы тұрғын үй» ЖШС мамандары ғимараттың жай-күйіне баға беріп, модернизациялаудың оңтайлы нұсқаларын ұсынады, – деп мәлімдеді басқармадан.
Еске салайық, сәуір айында Алматыда дауыл салдарынан 28 ағаш құлап, 3 шатыр ұшқан еді.