Алматыда туристер үшін тау маршрутының картасы әзірленді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда туристер мен қала тұрғындарының таудағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тау маршруттарының картасы пайда болды.
«Тау маршруттарының атласында аймақтағы бес танымал маршрут туралы ақпарат жинақталған. Атласта тек маршруттардың сипаттамасы ғана емес, сонымен қатар жорыққа дайындық бойынша ұсыныстар, қажетті құрал-жабдықтардың болуы, жергілікті жерлерде бағдар алу бойынша кеңестер және қауіпсіздік ережелері берілген. Бұл атлас тау демалысын ұнататындар үшін таптырмас серік болмақ»,- деп хабарлады қалалық Туризм басқармасынан.
Карта Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарын қамтиды. Бұл туристерге жергілікті жерде оңай бағыт алуға мүмкіндік береді. Аталмыш карта Алматының табиғи сұлулығын тереңірек зерттегісі келетін саяхатшыларға пайдалы.
«Тау шыңдары мен қауіпсіздік» брошюрасы – тауда қауіпсіз әрекет етуге арналған практикалық нұсқаулық. Онда туристер бетпе-бет келуі мүмкін қауіп-қатерлер қарастырылған. Брошюра біркүндік және көпкүндік жорықтарға арналған тізімді қамтиды, бұл туристерге кез келген сапарға дұрыс дайындалуға көмектеседі», - деп атап өтті ведомстводан.
Материалдар Visit Almaty ақпараттық орталықтарында және төмендегі сілтеме бойынша үш тілде тегін қолжетімді.
Осыған дейін Алматыда шетелдік туристер орта есеппен 5 күн болатыны туралы жазған едік.