Алматыда үш автобус соқтығысты: зардап шеккендер бар

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының орталығында үш автобус пен жеңіл машина соқтығысты. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан полиция қызметкерінің бір адамды көтеріп алғанын және автобустан жолаушылардың түсіп жатқанын көруге болады.

Жол апаты
Фото: Видеодан алынған кадр

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты бүгін, 13 ақпанда сағат 09:00 шамасында Райымбек даңғылында болды.

«Райымбек даңғылымен келе жатқан №54-бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі алдында қозғалып бара жатқан №133-бағыттағы автобуспен және Nexia маркалы машинамен соқтығысқан. Осы кезде 133-ші автобус инерция салдарынан сол бағытта келе жатқан №88-ші қоғамдық көлікке соғылды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді», - деп хабарлады полициядан.

Ведомстводан атап өткендей, жол апатына ұшыраған үш қоғамдық көлік жеке тасымалдаушыларға тиесілі.

«Жол -көлік оқиғасына қатысты деректі Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеріп жатыр. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінен.

Соңғы жаңалықтар