Алматыда үш жаңа су тазарту нысаны салынып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының ауызсу жүйесін жаңарту аясында қалада бірден үш жаңа су тазарту нысанының құрылысы жүріп жатыр.

Президент тапсырмасы: Алматыда сумен қамту нысандарының құрылысы қалай жүріп жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

«Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ресми өкілі Серік Шағыровтың айтуына қарағанда, қазіргі таңда Наурызбай және Алатау аудандарындағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу үшін қала сыртындағы кәріз коллекторының құрылысы басталды. Сонымен қатар жаңа үш су тазарту нысаны салынып жатыр.

– Тұрғындардан келіп түсетін өзекті мәселелердің бірі – желілерді салу және қайта құру жұмыстарына байланысты қазылған аумақтар. Кейінгі онжылдықта Алматының аумағы едәуір ұлғайды. 2011 жылдан бері қала көлемі екі еседен астам ұлғайып, нәтижесінде кейінгі екі жылда 500 шақырымнан астам жаңа желі пайдалануға берілді, ал жыл соңына дейін тағы 260 шақырым су және кәріз желілерін салу аяқталады, - деді ол.

Кәсіпорынның өз қаражаты есебінен тозу деңгейі 90%-дан асқан 42 нысандағы 65 шақырым желі жаңартылып жатыр. Жалпы Алматыда 2 000 шақырым су және 1 000 шақырым кәріз желісін кезең-кезеңімен ауыстыру қажет.

Маңызды жобалардың бірі – Мыңбаев көшесіндегі магистральдық су құбырын толық ауыстыру. Бұл желі 1971 жылдан бері пайдаланылып келеді, кейінгі бес жылда мұнда 38 апат тіркелген. Қайта құру жұмыстары аяқталған соң 60 мыңнан астам тұрғын тұрақты сумен қамтылады.

2025 жылы төрт сорғы станциясы жөнделіп, 200 сорғы жабдығы мен 444 жапқыш арматура ауыстырылады. Сондай-ақ төрт трансформаторлық қосалқы станцияны қайта құру және екі таза су резервуарын салу жоспарланған.

Осыған дейін Алматыда жыл соңына дейін мыңнан астам шам ауыстырылатыны туралы жаздық.