Алматыда үш жылда тасымалдаушыларға 2,3 млрд теңге көлемінде негізсіз субсидиялар төленген
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда бюджет қаражаты мен активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 203 млрд теңгеден астам қаржылық бұзушылық анықталды. Бұл туралы ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында мәлім болды.
Аудит 1 қаңтар мен 17 қыркүйек аралығын қамтыды. Тексеру барысында жоспарлау, басқару және бақылау жүйесінде жүйелі кемшіліктер бары белгілі болды.
Ведомствоның хабарлауынша, Алматы ел халқының 11%-дан астамы тұратын және ЖІӨ-нің шамамен 22%-ын қалыптастыратын ірі экономикалық орталық болғанымен, қала экономикасы әлі де негізінен сауда мен қызмет көрсету саласына тәуелді. Өндірістік және инновациялық секторлардың даму қарқыны төмен, бұл өсімді тежейді.
Аудиторлар қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары жиі түзетілгенімен, тиімді басқару құралына айналмағанын атап өтті. Жоспарланған іс-шараларды толық қаржыландырмау салдарынан бірқатар нысаналы индикаторларға қол жеткізілмеген.
– Бюджеттік инвестициялық жобалар санының 2022 жылғы 365-тен 2025 жылы 529-ға дейін өсуіне қарамастан, оларды іске асыруда кемшіліктер бар. Мысалы, 2021 жылы жасалған Жас Қанат шағын ауданында 41 көппәтерлі үй салу жобасы бойынша аудит кезінде 7 үй құрылысы аяқталмаған, ал тағы 12-сі іргелес аумақтың абаттандырылмауына байланысты коммуналдық меншікке берілмеген, - деп хабарлады ведомство.
Қалалық мобилділік басқармасы 2022-2025 жылдары тасымалдаушыларға 2,3 млрд теңге көлемінде негізсіз субсидиялар төлеген.
Жер қатынастары басқармасына жер бөлу кезінде ашықтықты арттыру және нысаналы пайдалануды бақылауды күшейту ұсынылды. Құрылыс тығыздығы талаптарының сақталмауы инженерлік және көлік инфрақұрылымына түсетін жүктемені арттырған.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі де тиімсіз деп бағаланды. Тұрғын үй құрылысына бөлінген шамамен 30 млрд теңге үш жылға жуық игерілмеген. ӘКК азық-түлік бағасын тұрақтандыру міндетін толық орындай алмаған. Бюджеттік кредиттер тиімсіз пайдаланылған.
– Жалпы аудит қорытындысы бойынша 203 млрд теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тексеру жүргізу кезінде оның 26 млрд теңгеден астамы өтелді, сондай-ақ есепке алу бойынша және жұмыстарды орындау жолымен 83 млрд теңгеден астамы қалпына келтірілді. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 417 факт бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді, - делінген ҚР Жоғары аудиторлық палатасы таратқан хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеңілдетілген несиеге өтініш қабылдау басталғанын хабарлағанбыз.