Алматыда ұсталған мамандандырылған ХҚО басшысының орынбасары жазаға тартылмады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы арнайы ХҚО басшысының орынбасары алаяқтық жасады деп күдікке ілінген еді. Алайда ол келтірілген залалды өтеп, жәбірленушімен татуласқан.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, аталған лауазымды тұлға кәсіпкерден құжаттардың кедергісіз қабылдануына және автомектеп тәлімгерлерінің жүргізуші куәлігін алу емтихандарына жіберілуіне көмектесемін деген желеумен 930 мың теңге алған.
Редакцияның сауалына берген жауабында Сотқа дейінгі тергеу қызметі басшысының орынбасары Тимур Қырықбаев Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы №1 мамандандырылған бөлімі басшысының С.-ға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданғанын мәлімдеді.
— Сот қаулысымен ол кінәсін толық мойындауына, жәбірленушімен татуласуына және келтірілген залалды өтеуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, — деп нақтылады ол.
Еске салайық, былтыр мамыр айында Алматы арнайы ХҚО басшысының орынбасары алаяқтықпен ұсталғанын жазғанбыз.