Алматыда үстіне ағаш құлаған қыз мерт болды – әкімдік мәлімдеме жасады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 13 тамыз күні Алматыда үстіне ағаш бұтағы құлаған қыз көз жұмды.

Алматыда үстіне ағаш құлаған қыз мерт болды – әкімдік мәлімдеме жасады
Фото: almaty.suntimes

Қайғылы оқиға Алмалы ауданы Әди Шәріпов көшесі мен Қарасай батыр көшесінің қиылысында болған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, оқиға орнына Алмалы ауданы әкімінің аппараты, Алмалы ауданы прокуратурасы, Экология және қоршаған орта басқармасы, сондай-ақ аталған басқармаға қарасты «Eco Almaty» ЖШС өкілдері келген.

– Тексеру барысында бұтағы сынған ағаштың жасыл түсті және қанағаттанарлық жағдайда екені анықталды. Тек сыртқы көрінісіне қарап бұтақтардың немесе ағаштың құлауы мүмкін екенін анықтау мүмкін емес. Өйткені ол жасыл түсті және қурау белгілері жоқ, - деп мәлімдеді әкімдіктен.

Қала басшылығы осы маңда 2024 жылы тұрғындардың өтініші бойынша емен ағашы, 2025 жылы тұрғындардың өтініші бойынша Шәріпов және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы терек санитарлық түрде кесілгенін атап өтті.

– Алайда аталған ағаш бойынша биыл өтініштер түспеген және ол жасыл түсті, қурау немесе апатты жағдай белгілері болмағандықтан, кесуге негіз болмаған. Жалпы 2025 жылдың басынан бері Алмалы ауданы аумағында тұрғындардың өтініштері мен жүргізілген тексерулер нәтижелері бойынша 21 мыңнан астам ағашқа санитарлық кесу жүргізілді, - делінген әкімдік жауабында.

Еске салайық, биыл сәуір айындағы дауыл кезінде Алматыда 28 ағаш құлап, 3 шатыр ұшқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар