Алматыда ұйымдаса есірткі таратқандар ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда есірткі желісінде әртүрлі қызмет атқарған адамдар ұсталды.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы психотроптық заттарды интернет-ресурстар арқылы сақтап, таратумен айналысқан кең ауқымды қылмыстық схеманың жолын кесті.
Жедел іс-шаралар барысында қаланың әртүрлі аудандарында бір қылмыстық желіге қатысы бар үш күдікті ұсталды.
- Әрқайсысы өз рөлін атқарған: бірі – бөліп қаптау мен «қалташа» дайындаумен, екіншісі – дайын дозаларды тасымалдаумен, үшіншісі – есірткінің ірі партияларын сақтаумен айналысқан. Олардың әрекеттері келісілген және Алматы аумағында психотроптық заттарды кең ауқымда таратуға бағытталған. Дер кезінде атқарылған жедел шаралардың нәтижесінде бұл желінің қызметі толық тоқтатылды, – деді Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Барлық эпизодтар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалған. Полицейлер күдіктілердің өзге интернет-дүкендермен және есірткі тарату фактілерімен байланысын тексеріп жатыр.
Еске салайық, Алматы облысында 11 айда 10,5 тонна есірткі тәркіленді.