Алматыда үйін жылыжайға айналдырып, қарасора өсірген күдікті ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда ірі есірткі зертханасы жойылды. Полиция қызметкерлері үйін жылыжайға айналдырып, қарасора өсірген күдіктіні ұстады.

Қарасора
Фото: Видеодан алынған кадр

Есірткі зертханасы Әуезов ауданының жеке секторында орналасқан. Криминалдық полиция және есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері оны арнайы іс-шара барысында анықтады.

– Қылмыстық іс-әрекетті ұйымдастырған 36 жастағы ер адам ұсталды. Атап айтқанда, жылыжай қызметін атқарған үйден 270 түп қарасора, 3 бөшке иісі бар сұйықтық, 3 қап тыңайтқыш, 17 қышқыл ерітіндісі, тамақ таразысы, 23 жарықтандыру шамы және т.б. зертханалық құрал-жабдықтар табылды. “Технолог” қылмыстық әрекетін мойындады. Аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері есірткіні өндіруге қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды, сондай-ақ оны тарату арнасын анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Екібастұзда синтетика өндіретін есірткі зертханасы жойылғанын жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар