Алматыда веложолақтардың ұзындығы 10 шақырымға ұзарады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 8 қала көшесі мен Тұңғыш Президент саябағын кешенді көркейту жұмыстары жалғасып келеді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, жобалар Сәтбаев, Розыбакиев, Жароков, Тимирязев, Жандосов, Масанчи көшелерінде, сондай-ақ Сейфуллин және Абай даңғылдарында жүзеге асырылып жатыр. Аумақтардың жалпы ұзындығы шамамен 34 шақырым. Жоба аясында 4 357 ағаш және 795 мыңға жуық бұта отырғызу жоспарланған.
— Көркейту жұмыстары аумақтарды қасбеттен қасбетке дейін жаңартуды қамтиды. Атап айтқанда, тротуарлар мен жүргінші аймағын салу, көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, сыртқы жарықтандыру мен инженерлік желілерді жаңғырту, шағын сәулет нысандарын орналастыру, сондай-ақ балалар және спорт алаңын салу көзделген, — деп хабарлады әкімдіктен.
Жобалар аяқталғаннан кейін осы учаскелердегі веложолақтардың ұзындығы 10 шақырымнан астамға артып, 7,21 шақырымнан 17,77 шақырымға дейін ұлғаяды.
Одан бөлек көріктендіру бойынша ірі жобалардың бірі — Тұңғыш Президент саябағына қатысты. Мұнда кешенді көгалдандыру, ағаш, бұта мен гүл дақылдарын қоса алғанда, 1 миллионға жуық жасыл желек отырғызу, сондай-ақ үш су қоймасы бар автоматты суару жүйесін құру жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Алматының Наурызбай батыр көшесінде автобус жолағының орнына веложолақ салынатынын жазғанбыз.