Алматыда вейп дүкендерге рейд жүргізілді

рейд
Фото: Еламан Турысбеков/Казинформ

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматының вейп-дүкендеріне Әуезов ауданының полиция қызметкерлері және “Қазақстан Балалары қоры” ҚҚ іске асыратын “Вейпсіз жастық шақ” жобасының өкілдері рейд жүргізді. 

- Қолданыстағы заңнамалық шектеулерге сәйкес, құрамында никотині бар вейп сынды темекі өнімдерін 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынады. Рейд аясында жобаның кәмелетке толмаған еріктілері Әуезов ауданының вейп-дүкендеріне барып, электронды темекі сатып алуға тырысты. Вейп-дүкендер оларға электронды темекі сатқан жағдайда полиция өкілдері заңға сәйкес шара қолданды және түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ биыл 19 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң 21 маусымнан бастап күшіне енетінін хабарлады, - деді «Вейпсіз жастық шақ» әлеуметтік жобасының жетекшісі Марат Сайбеков. 

дүкен
Фото: Еламан Турысбеков/Казинформ

Сондай-ақ ол «Вейпсіз жастық шақ» әлеуметтік жобасының іске асып келе жатқанына екі жыл болғанын атап өтті. Қоғам белсендісінің айтуынша, мұндай рейдтер өз нәтижесін беріп, заңның қатаң сақталуына көмектеседі.

дүкен
Фото: Еламан Турысбеков/Казинформ

- «Вейпсіз жастар» әлеуметтік жобасының жүзеге асып келе жатқанына екі жылдан астам уақыт өтті. Біз апта сайын қаланың әр ауданында рейд жүргіземіз. Осыдан бір апта бұрын Әуезов ауданындағы 4-5 вейп сататын дүкендерге рейд жүргізген едік. Рейд қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері сатушыларға 15 айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Осы жолы қайта келгенімізде, жасөспірімдерге сатпаған. Бұл – рейд өз нәтижесін берді деген сөз, - деді ол.

рейд
Фото: Еламан Турысбеков/Казинформ

Әлеуметтік жоба жетекшілерінің бірі - Эльвира Ватлина вейптерді тыйым салатын заң күшіне енген соң, жастардың бір бөлігі электронды шылымды “қара базардан” алса, бір бөлігі дәстүрлі шылымның түрлеріне ауысуы мүмкін екенін айтады.

- 2023 жылы желтоқсан айында “Вейптерге заңмен тыйым салынса, ары қарай не істейсіздер” деген тақырыпта сауалнама жүргіздік. Оған 900 қатысушы болды. Қатысушылардың жас шамасы 14 пен 19 аралығында. Қатысушылардың 3/1 бөлігі вейптерді “қара базардан” алатынын айтқан. Ал қалған бөлігі шылымға ауысуға ниетті екендерін көрсеткен. Жалпы электронды шылымды немесе темекіні толықтай тастауға дайын адамдар бірен-саран. Өйткені вейп шегетін адамдардың көпшілігі оған дейін дәстүрлі шылымды қолданғандарын айтады, - деді “Қазақстан Балалары қоры" қоғамдық қорының директоры Эльвира Ватлина.

Соңғы жаңалықтар