Алматыда заңсыз еңбек мигранттары ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Түрксіб аудандық полиция басқармасы көші-қон қызметінің мамандары рейд барысында заңсыз жұмыс істеп жүрген 15 шетел азаматын анықтады.

Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиевтің сөзінше, шетелдіктерді жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жеке компания жалдаған. Көші-қон режимін бұзушылар Полиция департаментінің қабылдап-таратуына орналастырылды.
– Қазір полиция қызметкерлері шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалануды ұйымдастырған жұмыс берушілерді анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Біздің басты міндетіміз - заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану заңды бұзып қана қоймай, қауіп төндіреді. Рейдтік шаралар тұрақты түрде жалғасатын болады, – дейді Думан Аухадиев.
Осыған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біздің елге еңбекші мигранттар көбіне Қытай, Түркия, Өзбекстан, Үндістан, Ұлыбритания, Мажарстан, Сербия, Украина және Италиядан келетіні туралы айтқан болатын.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша 13 233 шетел азаматы жұмыс істейді.