Алматыда заңсыз салынған элиталық клуб үйі бұзылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда элиталық Pine Hill клуб үйінің үшінші қабаты сот шешімі бойынша бұзылады.

Қала құрылысын бақылау басқармасы Ерменсай шағын ауданы 7 бұрыш, 8/1 учаскедегі тұрғын үй кешенінің үшінші қабатын бұзу жұмыстары басталатынын мәлімдеді.
«Тапсырыс беруші (жеке тұлға) екі қабатты үйдің құрылысына рұқсат құжаттарын алған, бірақ ол қосымша тағы бір қабат тұрғызған, бұл жоспардан тыс тексеру барысында анықталды», - деп хабарлады басқармадан.
Соның нәтижесінде меншік иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК 316-бабы 1, 462-бабы 3 бойынша әкімшілік шара қабылданды.
Басқарманың талап-арызы бойынша сот талқылауларының қорытындысына сәйкес, 2022 жылы 15 маусымда Алматы қалалық соты 3-қабатты бұзу туралы шешім шығарды. Нысанды бұзу бүгін Әділет департаменті сот орындаушыларының қатысуымен басталды. Төменгі қабаттарға зақым келтірмеу үшін қолмен бұзылады.
«Жер учаскелерінің меншік иелері мен құрылыс компанияларын ҚР Сәулет және қала құрылысы қызметі туралы Заңның және құрылыс салуды ұйымдастыру ережелерінің бұзылуына жол бермеуге және құрылысты тек заңды негізде бастауға шақырамыз. Олай болмаған жағдайда сот сатысында істерді қараумен және кейіннен бұзудың жоғары ықтималдығымен заңнама аясында жауапкершілік қауіп төндіреді», - деп атап өтті басқармадан.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев заңсыз құрылысты бақылауды күшейтуді тапсырған болатын.
Жалпы, қалада былтырдан бері 34 заңсыз нысан толығымен және жартылай бұзылды, оның ішінде бизнес-орталықтар, мейрамханалар, қосалқы ғимараттар мен автосервистер, сондай-ақ «Мечта» және KHAN сияқты ірі тұрғын үй кешендері бар.