Алматыда заңсыз салынған тағы бір нысан бұзылып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда сот шешімімен құрылысы аяқталмаған нысан бұзылып жатыр.

Алматының қала құрылысы бақылау басқармасынан мәлім еткендей, Гагарин даңғылы, 284 мекенжайындағы құрылыс нысаны заңсыз деп танылды.
— Бұған дейін нысан иесіне (жеке тұлға) қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, заң бұзуды жою туралы нұсқама берілген. Сонымен қатар нысанның іргетасына металл құрылымдар орнату кезеңінде құрылыс жұмыстары тоқтатылған болатын,— деп атап өтті басқармадан.
Нұсқама мерзімі аяқталғаннан кейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына нысанды бұзу туралы талап арыз берілді. Сот аталған талапты қанағаттандырды.
Нысанды бұзу Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды.
Осыған дейін Алматыда мемлекеттік қордың жерінде заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандарын бөлшектеу жұмыстары жүріп жатқаны туралы жазған едік.
Алматыда соңғы екі жылда 65 заңсыз нысан, оның ішінде тұрғын үй кешендері толығымен немесе ішінара бұзылды.