Алматыда заңсыз салынған тұрғын үй кешені бұзылып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қала құрылысын бақылау басқармасы «Теректі» шағын ауданындағы Айналма көшесі, 183 учаскесінде орналасқан заңсыз нысанды бұзу жұмыстары басталғанын хабарлады.

Бұл тұрғын үй кешені пәтер сатып алуға ұсынылмайтын тұрғын үйлер тізімінде көрсетілген.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, «Investment Stroy» ЖШС аталған тұрғын үй кешенін рұқсатсыз салған. Бұл дерек жоспардан тыс тексеру барысында анықталды.
— Меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, кейін Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына (СМЭС) нысанды бұзу және шұңқырды қайта көміп тастау жөнінде талап арыз берілген. 2023 жылғы 12 шілдеде сот Құрылыс бақылау басқармасының талаптарын қанағаттандырды. Апелляциялық шағым қаралғаннан кейін Алматы қалалық соты СМЭС шешімін өзгеріссіз қалдырды. Іс материалдары орындау үшін Әділет департаментіне жіберілді. Нысанды бұзу жұмыстары кеше сот орындаушыларының қатысуымен басталды, — деп хабарлады әкімдіктен.
Қала құрылысын бақылау басқармасы азаматтарға жылжымайтын мүлік сатып алмас бұрын тұрғын үй кешеніне қатысты барлық құжаттардың болуын міндетті түрде тексеруді ұсынды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда сот шешімімен Оңдасынов көшесі, 37/12 мекенжайында орналасқан ғимарат бұзылып жатқанын жазғанбыз.