Алматыда заңсыз салынған үш қабатты нысан бұзылып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда сот шешімімен Медеу ауданында заңсыз салынған нысанды бұзу жұмыстары басталды.

Қала құрылысын бақылау басқармасынан мәлім еткендей, жоспардан тыс тексеру барысында құрылысқа рұқсат беру құжаттарының жоқ екені анықталды.
Меншік иесіне жол берілген бұзушылықтарды жоюға нұсқама берліп, әкімшілік шара қабылданды. Алайда, жеке тұлға талаптарды орындаған жоқ.Сондықтан басқарма нысанды бұзу туралы арызбен аудандық сотқа жүгінді.
— Медеу аудандық сотының шешімімен басқарманың талап арызы қанағаттандырылды. Кейін Алматы қалалық соты да бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Нысанды бұзу бүгін қаланың Әділет департаменті қызметкерлерінің қатысуымен басталды, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда екі жылда 65 заңсыз нысан, оның ішінде тұрғын үй кешендері толығымен немесе ішінара бұзылғаны туралы жазғанбыз.