Алматыда заңсыз салынып жатқан 36 тұрғын үй анықталды
Алматыда Бостандық ауданының тұрғындары Baganashil Hills коттедж қалашығының заңсыз салуына наразылық білдіріп, шағымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматыда Бостандық ауданының тұрғындары Baganashil Hills коттедж қалашығының заңсыз салуына байланысты «Қазақстан халық партиясы», Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы, БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғындар аудан аумағында заңсыз Baganashil Hills коттедж қалашығын салып жатқан «Everest Property» ЖШС-ның үстінен шағымданды.
Гүлназ есімді тұрғын Бостандық ауданында орналасқан «Алатау-2» бау-бақша серіктестігінде 2001 жылдан бері тұрып келе жатқанын айтты.
"Біз жақта салынып жатқан заңсыз құрылыстың салдарынан кейбір үйлердің қабырғасы жарылып жатыр. Мен сондай-ақ құрылысшы компанияның сайтынан 76 котедж, 12 таунхаус салынатынын білдім. Құрылыс компаниясы бізге құрылысты талапқа сай жүргізіп жатырмыз дейді. Алайда, ешқандай тыныштық талаптары сақталмайды. Күндіз-түні тарс-тұрс еткен дыбыстар. Тіпті үйдің іші дірілдеп кетеді. Біз «Қазақстан халық партиясы» өкілдеріне бұл мәселені әдейі айттық. Себебі олардың араласуымен мәслихат депутаттары жоғары жаққа депутаттық сауал жолдап, мәселеміздің оң шешімін табарына сенім артамыз», - деді ол.
Тұрғындар сондай-ақ «Ерменсай» шағын ауданында кәріз жүйесі, жол, құрылыс нысандары, басқа да коммуналдық мәселерді бақылайтын құрамында қала әкімдігі, мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер, қоғам өкілдері бар комиссия құруды ұсынды.

Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының өкілі Әлібек Төлбасы аталған аумаққа екі рет тексеріс жүргізілгенін айтты.
«Бірінші тексеріс кезінде біз құрылыс компаниясын әкімшілік жауапқа тартып, құрылысты тоқтаттық. Кейін маусым айында екінші мәрте тексеріс кезінде заңсыз салынып жатқан 36 тұрғын үйді анықтап, «Everest Property» компаниясының үстінен шағымданып, істі сотқа жолдадық. Сот үйлерді сүру туралы шешім шығарды. Алайда олар сотқа аппеляциялық шағым беріп үлгерді. Айту керек, оларда 34 үйдің эскиздік жобасына келісімі бар. Яғни, мұнда әр үйге меншік иесі екі қабатқа дейін үй сала алады. Біз оны бақылай алмаймыз. Себебі ол тексеруге жатпайды. ҚР Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңының 33-бабы, 6-тармағына сәйкес, тапсырыс беруші өз бетінше екі қабатты үйді сала алады. Бұл ретте ол эскиздік жобаны келісуге құқылы», - деді Әлібек Төлбасы.
«Қазақстан халық партиясының» Алматы қалалық филиалы басшысының бірінші орынбасары Бейбіт Құсайынов заңсыз салынып, бұзылмай жатқан 36 үйге қатысты тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолданғанын айтты.

«Жарайды, рұқсаты бар, салынып жатқан 34 үйде шаруамыз жоқ. Бізді заңсыз салынып, әлі сүрілмей жатқан 36 үйдің мәселесі мазалайды. Себебі бұл үйлерді бұзу туралы сот шешімінен бөлек, Қала құрылысын бақылау басқармасының хабарламасы шыққан. Алайда оны құлаққа іліп жатқан ешкім жоқ. Құрылыс тоқтамай жүріп жатыр. Осыған орай біз заңсыз салынған әлі сүрілмеген 36 үйге қатысты тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолдадық. Қазір біз жауап күтіп отырмыз, оң шешімін тапқанша, бұл мәселені назардан тыс қалдырмаймыз», - деді Бейбіт Құсайынов.
Еске салсақ, бұған дейін Baganashil Hills коттедж қалашығы бұзылуы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.