Алматыда заңсыз жұмыс істеген 40-тан астам шетел азаматы ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда көші-қон қызметінің қызметкерлері рейдтік шаралар барысында көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтады. 

Алматыда заңсыз жұмыс істеген 40-тан астам шетел азаматы ұсталды
Фото: видеодан алынған скрин

Түрксіб ауданындағы құрылыс нысандарының бірінде заңсыз жұмыс істеп жүрген 22 шетел азаматы ұсталды. 9 азаматқа тиісті рұқсатсыз, визада немесе басқа құжатта көзделген мақсатынсыз жұмыс істегені үшін әкімшілік материалдар толтырылды. Қалған 13 адамға алдын алу шаралары қолданылды. Олардың барлығы полицияның қабылдау-тарату бөліміне орналастырылған. 

Одан бөлек Алатау ауданында заңсыз жұмыс істеп жүрген 9 шетелдік азамат анықталса, Наурызбай ауданында жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 10 адам ұсталды.

– Біз көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау және алдын алу бойынша жүйелі жұмысымызды жалғастырамыз. Құрылыс алаңдарында заңсыз жұмыс істеп, тіркеусіз тұрып жатқандарға ерекше назар аударамыз. Барлық анықталған дерек мұқият есепке алынып, әрбір нақты жағдай бойынша заңға сәйкес шаралар қабылданып жатыр, - деді Алматының Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда діни экстремистік әдебиеттерді таратқан шетелдік ұсталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар