Алматыда зейнеткер алаяқтарға 30 мың доллар берген: күдікті ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында интернет-алаяқтықтың жолы кесілді.

Алматыда алаяқтарға алданған зейнеткерлердің ақшасын тасыған курьер ұсталды
Фото: видеодан алынған скрин

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы зейнеткерлерге бағытталған ірі интернет-алаяқтық схеманы әшкереледі.

Өзін мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар «қылмыскерлерден қорғау» деген жалған желеумен егде жастағы әйелге қолында бар қаражатын «қауіпсіздік үшін» беру керектігін айтқан. Зейнеткер алаяқтарға 30 мың АҚШ доллары мен 20 миллион теңге көлеміндегі қаражатты беріп жіберген.

Алматыда алаяқтарға алданған зейнеткерлердің ақшасын тасыған курьер ұсталды
Фото: видеодан алынған скрин

Жедел іс-шаралар барысында халықаралық қылмыстық топтың тапсырмаларын орындап жүрген курьер ұсталды. Жас жігіт Қазақстанға телефон және онлайн-алаяқтық құрбандарынан алынған ақшалай қаражатты тасымалдау үшін келгені анықталды.

- Алаяқтар әдейі осал топтарды таңдап, психологиялық қысым жасайды. Оперативті шаралардың нәтижесінде қомақты қаражаттың ұрлануына жол берілмей, ақшаны иесіне қайтаруға мүмкіндік туды. Қала тұрғындарын барынша сақ болуға шақырамыз: ешбір мемлекеттік орган ақшаны «сақтауға алуды» талап етпейді және курьер жібермейді. Мұндай қоңыраулардың барлығы – алаяқтық, – деді Алматы қаласы Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда интернет-алаяқтыққа пайдаланылған арнайы жабдық тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар