Алматыда жәбірленушінің басын таспен жарған күдіктілер ұсталды
Алматыда бір кісіге екі ер адамның жабылып ұрып соққан видеосы әлеуметтік желіге шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Видеода жәбірленушіні ұрып-соққаннан бөлек, оның басын таспен жарып тастағанын көруге болады.
Алматы қалалық полиция департаментінің Жетісу аудандық полициясы оқиға түнгі сағат бірде Сейфуллин даңғылы мен Ақпаев көшесінің қиылысында болғанын хабарлады. Бейтаныс азаматпен сөзге келіп қалған екі ер адам кейін оны ұрып-соққан.
«Жәбірленуші шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды, оның басын таспен жарған. Шабуыл жасаушылардың жеке басы бірден анықталды. Олар ұсталып, ҚР ҚІЖК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 106-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша тергелуде. Қылмыстық іс аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайы анықталуда», — деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жәнібек Шынасылов.
Полицияда сондай-ақ ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейтінін, Конституцияның 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз саналатынын хабарлады.