Алматыда жалған шот-фактуралар арқылы мемлекетке 245 млн теңге шығын келтіргендер сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтарған екі адамға қатысты сот үкімі шықты. Олардың әрекетінен мемлекетке 245 млн теңге шығын келген.

сот
Фото: pexels

Тергеу барысында бір топ адамның тауарларды іс жүзінде жеткізбей, жұмыстар мен қызметтерді орындамай-ақ жалған шот-фактуралар жазып беру схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

Аталған факті бойынша іс Алматы қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеліп, процестік прокурордың бақылауында болды.

Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы 3-бөлігі бойынша екі адамды кінәлі деп таныды. Олардың бірі қылмысты ұйымдастырса, екіншісі оған көмектескен. Екеуі де сот залында қамауға алынды.

Алматы прокуратурасы экономикалық қылмыстарды анықтау және жолын кесу, мемлекеттік мүдделерді қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Астанада жетім балаларға арналған пәтерлерді жалған құжатпен иемденбек болғандар ұсталғанын хабарлағанбыз.