Алматыда жаңа автотуннель ашылды
Алматыда Бұқтырма көшесінің бойында туннель арқылы автокөліктер жүре бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолының қиылысындағы жолайырықта, дәлірек айтқанда, Бұқтырма көшесі бойында 4 жолақты автотуннель ашылды.
Алматы қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев атап өткендей, 2018 жылы автокөлік қозғалысын жақсарту мен жүктемесін азайту мақсатында Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолының қиылысында жолайрықты салу бойынша жобалау сметалық жұмыстары басталған.
"2019 жылы автокөлік жолайрығын салуды бастадық. Жобаның құны 22 млрд теңгені құрайды. Жолайрық негізгі үш құрылымнан тұрады. Ең негізгі құрылым ол эстакада. Ол ең жоғарғы қабатта орналасқан, алты жолақты, ұзындығы 500 метрден асады. Одан кейін жер деңгейінде айналма жол, үшінші деңгейде туннель орналасқан. Туннель Бұқтырма көшесі бойында орналасты. Оның мақсаты Бұқтырма көшесі мен Талғар күре жолын жалғауға арналған. Ол төрт жолақты, ұзындығы 830 метрді құрайды.
Жалпы нысанды қазан айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланды. Егер де құрылыс жұмыстары біткен соң, қандай да бір ақаулар шығып жатса, оларды құрылысты жүргізген мердігердің қаражаты есебінен жөнелетін болады", - деді Сағындық Телібаев.
Оның айтуынша, Алматыда қазіргі уақытта үш автокөлік жолайрығы салынып жатыр.
"Оның бірі осы жерде яғни Бұқтырма көшесі - Құлжа тас жолының қиылысында, екіншісі Алатау ауданында Мөңке би - Сайын көшелері қиылысында, үшіншісі Сейфуллин - Жансүгіров көшелері қиылысында салынып жатыр", - деді спикер.
Құрылыс жүргізуші мердігер компанияның өкілі, BAZIS CONSTRUCTION компаниясының инфрақұрылым жобалар бойынша вице-президенті Хурам Мурадов жұмыстар қалалық мобильділік басқармасымен жасасқан келісімшартқа сәйкес жүрір жатқанын айтты.
"Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған. Бүгінге дейін ауқымды жұмыстар істелді. Атап айтқанда, жобада 110 куб метр монолитті бетон жұмыстары, коммуникацияны қайта орналастыру, байланыс желілерін тарту, магистральды су құбырын салу және басқа да жұмыстар жасалды. 8 мың тоннадан астам металл, арматуралар қойылды. Қарама-қарсы бағытта, яғни, қалаға кіретін және қаладан шығатын екі эстакада салынды. Ол эстакададан тәулігіне 50 мыңнан астам көлік өтеді. Жалпы жолайрық арқылы тәулігіне 60 мыңнан астам көлік өтетін болады. Сондай-ақ, эстакада мен туннель толық жарықтандырылды. Одан бөлек, жоба бойынша көгалдандыру жұмыстары қарастырылған, яғни, қазіргі таңда 60 мың шаршы метр өсімдік пен 200 әртүрлі ағашты отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Ол жұмыстар бітуге жақын", - деді мердігер өкілі.