Алматыда сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті және қалалық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

Алматыда жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Фото: видеодан алынған скрин

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, бұл қылмыстық топ бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келген. Күдіктілер әлеуметтік осал топтағы әйелдерден, соның ішінде шетел азаматтарынан туған сәбилерді заңсыз жолмен алып, сатып отырған.

- Жедел іс-шаралар барысында жаңа туған ұл баланы қомақты ақшаға сату әрекеті тоқтатылды. Күдіктілер қылмыс үстінде ұсталды. Сәби тиісті мекемеге орналастырылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ елдің басқа өңірлерінде осыған ұқсас деректердің болуы мүмкіндігі де тексеріліп жатыр, - деп хабарлады полициядан.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда балалар байқауын ұйымдастырушы алаяқтық жасады деген күдікке ілінгенін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар