Алматыда жаңадан құрылған басқармалар жұмысын қашан бастайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы мәслихаты 4 басқарманың атауын өзгертіп, жаңа 2 басқарма құру туралы шешім қабылдады.

Тағайындау
Фото: Ақорда

Шешім тамыз айында қабылданғанымен, басқармалардың ресми сайттарында атаулары әлі өзгермеген және екіге бөлінген қалалық мобильділік басқармасы жұмыс істеп тұр. Осыған орай, қала басшылығына сауал жолдадық.

Ресми жауапқа сәйкес, қазіргі таңда тиісті нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу және ұйымдастырушылық-техникалық рәсімдер жүргізіліп жатыр.

- Екі жаңа басқарма – Алматы қаласы жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы мен Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы Әділет департаментінің мемлекеттік тіркеу туралы анықтамасы бойынша ресми түрде 22 қыркүйекте құрылды. Кейінірек әкімдіктің ресми сайтында жарияланатын болады. Басқа басқармалардың атауын өзгерту туралы шешім заңды күшіне енді, техникалық түзетулер енгізіліп жатыр, - делінген жауапта.

Сондай-ақ бұрынғы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев жаңа құрылымдық өзгерістер аяқталғанға дейін өз лауазымында қызметін жалғастырып жатқаны хабарланды. Жаңа ведомстволардың басшылары кейін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тағайындалады.

- Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы – қаладағы қоғамдық көлікті дамыту, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, жол қозғалысын реттеу және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметті орындайды. Ал жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы – жол инфрақұрылымын жобалау, салу, жөндеу және жаңғырту жұмыстарын үйлестіреді, сондай-ақ инженерлік-техникалық инфрақұрылымның сапасын арттыруға жауапты болады, - деп түсіндірді әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қаржы мен экономика басқармалары бірігіп, 4 басқарманың атауы өзгергенін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар