Алматыда жаңбыр кезінде 13 үйді су басты: отбасылар қонақүйге орналастырылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 16 қыркүйекте қатты жауын-шашын салдарынан Ақбастау және Бесқаш көшелерінде орналасқан 13 жеке тұрғын үйді су басты.
Оқиғаның бейнежазбасы бүгін әлеуметтік желіде тарады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, екі отбасының 7 адамы (оның ішінде балалар бар) уақытша қонақүйге орналастырылды. Барлығы 6 тұрғын үй мен 7 аулаға су кірген. Әкімдік су басудың негізгі себебі ретінде жауын кезінде өзен деңгейінің айтарлықтай көтерілуі, Боралдай өзен арнасының өткізу қабілетінің төмендігі және габион арнасының жеткіліксіз қимасы екенін көрсетті.
- Бұдан бөлек өзен су қорғау аймағын бұза отырып салынған тұрғын үйлер орналасқан тығыз қоныстанған аумақтар арқылы ағады. Қазіргі уақытта суды кептіру жұмыстары толық аяқталды. Барлығы 2120 текше метр су сорылды. Жұмысқа 1 жүк тиегіш, 2 «Газель» көлігі, 4 мотопомпа және 5 ассенизатор техникасы жұмылдырылды, - деп хабарлады әкімдіктен.
Жағдайды Алатау ауданының әкімі, қалалық құтқару қызметінің өкілдері және өзге де жауапты мамандар бақылауда ұстап отыр. Ал өзен арнасында қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаланған аумақтың жалпы ұзындығы – 2 шақырым, аяқталу мерзімі 2026 жылдың тамызы деп жоспарланған.
- Жоба аясында қолданыстағы габионды құрылыстарды бұзу, өзенге құятын су бұрғыштар орнату, арнаны темірбетон каналмен бекіту, тосқауыл қоршау орнату, топырақ қазу, қолданыстағы өткелдерді кеңейтіп қайта құру және өткелдерге қоршаулар орнату қарастырылған, - деп мәлімдеді әкімдіктен.
Еске салайық, 16 қыркүйек қатты жауын-шашын кезінде Алматыда жол жабыны опырылып, 13 автокөлік зақымданды.